Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы барысында біршама маңызды мәселелерді қозғады. Президенттің айтуынша, Жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасаған жөн. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
– Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни, басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік жоспарлау реформасы жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан құжаттар мен бағдарламалардың барлық сатысына талдау жасау қажет.