11.12.2020, 03:42

Bek air компаниясы ұшағы соғылған үй иесін тағы сотқа берді

фото: sputniknews.kz
Алайда Талғар аудандық сотының судьясы әуе қомпаниясының шағымын бұл жолы да қанағаттандырған жоқ.

Қыр соңынан қалар емес! Bek air өзіне тиесілі ұшақ құлаған үйдің иесін екінші қайтара сотқа берді. Компания бұл жолы Решет Қалибектің баспанасын заңсыз деп тауып, оны сүруді талап еткен. Алайда Талғар аудандық сотының судьясы әуе қомпаниясының шағымын бұл жолы да қанағаттандырған жоқ, деп хабарлайды КТК жаңалықтары.

Ақпан айында да Bek air әуежай маңында салынған үйдің иесін сотқа берген еді. Сол кезде Решет Қалибек әуе компаниясына қарсы арыз берген.

Алайда сәуірде азаматтық істің екеуі де тоқтатылған. Себебі, судья алдымен жантүршігерлік апатқа байланысты қозғалған қылмыстық істер бітуі керек деген-ді. Сот бұл жолы да сондай шешім қабылдады.

Ұшақ апаты былтыр 27-желтоқсанда болды. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған жолаушыға лық толы «Фоккер 100» қажетті биіктікке көтеріле алмай, Гүлдала ауылындағы жеке үйлердің біріне барып соғылған. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek air-дің ұшақтары көкке көтерілген емес. Әуе компаниясы күні кеше лицензиясынан да түбегейлі айырылды.