ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында ModeX үй құрылысы комбинатының автоматтандырылған конвейерлік желісінің ресми ашылуына қатысты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпорында құрылыс мерзімін қысқартуға, оның сапасын арттыруға және тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беретін, АҚШ, Сингапур және Германияда қолданылатын ірі блокты үй құрылысының инновациялық технологиялары енгізілген. Модульдік блоктар тұрғын үй кешендерін, коттедждерді, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде оқу орындарын, сауда павильондарын, қызметтік үй-жайларды және т. б. салуда да пайдаланылады.
Ірі блокты үй құрылысы климаттық жағдайларға тәуелді емес, өйткені жұмыстың 90%-ы — арматура байламынан бастап таза әрлеуде модульдерді қалыптастыруға дейін кәсіпорында жүзеге асырылады, бұл барлық процестерді едәуір жылдамдатады. Мәселен, болашақта таза әрлеудегі 16 қабатты тұрғын үйді салу үшін тек төрт ай уақыт қажет болады. Модульдерді өндіруге қажетті негізгі материал — керамзитбетон.
Кәсіпорынның темірбетон өнімі «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның жоғары беріктігі мен ұзақ мерзімділігіне жасалған сынағынан сәтті өтті. Көп сатылы операциялық бақылаудың және автоматтандырудың жоғары деңгейінің арқасында жоғары сапалы өнімге қол жеткізіледі. BI Group құрылыс холдингінің еншілес кәсіпорны – үй құрылысы комбинатының жобалық қуаттылығы жылына 200 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайды.
2023 жылға дейін жалпы жобалық қуаты 500 мың шаршы метр тұрғын үйдің үш кезегін салу көзделген. Комбинат 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашады. Алдағы уақытта Алматы мен Шымкентте ірі блокты үй құрылысы зауыттарын ашу жоспарда бар.
«Ірі блокты үй құрылысы Қазақстанның құрылыс саласын дамытуға серпін береді және еліміздің тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымын салу көлемін кеңейту жөніндегі міндеттерді шешуге ықпал етеді», — деді А. Мамин.
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов қатысты.