12.12.2020, 18:15

Министр Бозжыра шатқалындағы құрылыс мәселесіне қатысты жазба жариялады

фото: informburo.kz
Барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ортақ ой айтты.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев көпшілікті алаңдатқан мәселеге байланысты жазба жариялады. Оның мәлімдеуінше, Бозжыра шатқалында салынады делінген қонақ үй басқа жерге ауыстырылады.

"Президенттің Бозжыра шатқалындағы қонақ үй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында ғалымдармен, биологтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті қоғам қайраткерлерімен кездестік. Барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ортақ ой айтты.

Бірақ туризмді дамыту мен Бозжыра сияқты айрықша табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың арасында тепе-теңдік болу керек. Жобаның әлеуетін бағалап, кеңестерін беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып бардық", - деп жазды министр Twitter-дегі парақшасында.

Министрдің мәлімдеуінше, инвесторлар да жобаны іске асыратын жерді ауыстыруға келіскен.

"Жергілікті қоғам белсенділері ғалымдармен бірге қонақ үй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек деген ойды алға тартты. Сондықтан ғалымдар мен жергілікті қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақ үй орны "Жабай ұшқан" қаумалының сыртына ауыстырылатын болды.

Инвестор компания өкілдері өз тарапынан жобаны жүзеге асыратын орынды қаумалдан тыс жерден таңдауға дайын екендерін жеткізді", - деп жазбасын қорытындылады.