Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман эпидемиологиялық ахуалды түсіндіріп, коронавирустың ықтимал мутациясы жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ мегаполис тұрғындары мен қонақтарына бірқатар кеңесін айтты.
«Вирустар үнемі мутацияға ұшырауға бейім, бұл айына кемінде екі рет мутацияланатын коронаврустарға да қатысты. Вирустар жаратылысынан – паразиттер. Олар иесінен, яғни адамнан тыс өмір сүре алмайды. Вирус жұқтырған адам қайтыс болғанда, онымен бірге вирус та жоғалады. Сондықтан вирус үшін «иесінің» өлімі тиімді емес. Вирус тірі қалып, адаммен бірге өмір сүру үшін мутацияға ұшырап отырады. Бұл қалыпты эволюциялық процесс», - деді ол.
Оның айтуынша, коронавирус мутациясы жүріп жатыр және ол процесс үнемі болады. Нәтижесінде COVID-19-дың маусымдық инфекцияға айналуына әкеледі. Ал, вакцинацияның бұл процесті тек жылдамдататынын атап өтті.
Сонымен қатар, профессор профилактикалық шараларды мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтты, жалпы ұсыныстарымен бөлісті.
«Бетперде тағу маңызды. Оны ауызды жауып тұратындай дұрыстап тағу керек. Адамдар көп баратын орындардан, мерейтойлар, үйлену тойлары, еске алу шараларынан аулақ жүрген маңызды. Әсіресе, жабық және аз желдетілетін ғимараттарда өтетін жиындардан сақ болған жөн. Қол гигиенасын сақтап, бөгде адамдардан екі және одан да көп шақырым қашықтықты сақтау қажет», - деді профессор.
Еске салсақ, бұған дейін БАҚ-тарда Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы пайда болғаны туралы хабар тараған болатын.