17 желтоқсан шамамен 23:15-те Еңбекші ауданының Полиция басқармасына әйел адамға көмек қажет екені туралы хабар түскен.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы 1950 жылы туған әйелді белгісіз біреу үйдің кіреберісінде зорламақ болғанын анықтады. Сол күні бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының, 3-бөлігі - 120-бабының, 1-бөлігі (зорлау әрекеті) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
Бүгін Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз қаладағы көппәтерлі үйлердің бірінің кіреберісінде әйелді зорламақ болды деген күдікке ілінген ер адамның ұсталғанын мәлімдеді.
«Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған бірқатар шара қабылдады. Соның нәтижесінде күдікті кеше ұсталды. Ол 1985 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты», - деді ол.
Қазір күдікті Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмысы дәлелденсе, ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.