Бүгін «Nur Otan» партиясының тізімімен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Раимжан Ибдиминов жаңашар ауылының тұрғындарымен, округ аумағында орналасқан «Адал» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен кездесіп, аудандық партия филиалының сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды және сайлауда «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Алдымен «Адал» компаниясының ұжымымен жүздескен Раимжан Ибдиминов ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек етіп жүргендерге ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, партияның бұл бағытта атқарған жұмыстарына және алдағы жоспарларына тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының негізгі тірегі. Аграрлы ауданымыздың топырағы құнарлы, шөбі шүйгін. Сондықтан, бұл бағыттағы жетістіктеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі ұлғайып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, аудан шаруалары 120 млрд теңгенің өнімін өндірген. Біздің өңіріміз бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге қауқарлы. Оны іске асыру үшін «Nur Otan» партиясы алдына үлкен мақсат қойды. Партия ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Коронавирустық пандемия жағдайында нарықты азық-түлік тауарларымен тұрақты толықтыру мәселелері ерекше маңызды және өзекті болды. Ауданның ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақтауға ғана емес, сондай-ақ жаңа экспорттық тауарларды іздеуге де күш-жігер біріктіріліп, келісілген іс-қимыл жасалатын болады. Бүгінгі таңда 89,4 пайыз немесе 269 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Өңірде мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және өнімді қайта өңдеуде жаңа прогрессивті технологияларды енгізу есебінен жоғары технологиялық агроөнеркәсіп кешенін құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
«Nur Otan» партиясы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту міндетін қойып отыр. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында цифрландыру элементтері енгізіледі. Нақтырақ айтқанда, малды чиптеу, отын шығынын өлшеу датчиктерін енгізу, тұқымдар мен тыңайтқыштарды саралап енгізу мәселелері қарастырылады, – деген Раимжан Билимұлы Алматы қаласы айналасында азық-түлік белдеуін құру мақсатында жүзеге асатын ауқымды 13 жобаны атап өтті. Ол үшін, ауылдық округтерде тамшылатып суару әдісімен өсірілетін бау-бақшалардың аумағы кеңейтіліп, жеміс-жидек, көкөніс сақтау қоймалары ашылатын болады. Сонымен қатар, ірі мал бордақылау алаңдары салынады. Табиғи жайылымдық жерлер мен шабындықтарды ұтымды пайдалану есебінен жем-шөп базасы нығайтылады.
«Алқаптан сөреге дейін» жобасын іске асыру жолымен өндірілген өнімді кепілді өткізу және агро өнеркәсіп субъектілерімен форвардтық келісімшарттар жасалады. Осы және басқа да шаралар 2025 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға, еңбек өнімділігін 1,5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, партияның «Есіктен есікке» акциясы аясында Раимжан Ибдиминов Жаңашар ауылының тұрғындарымен жүздесіп, саяси ұйымның бағдарламасын насихаттады. Бұл тұста кандидат Жаңашар ауылдық округі бойынша атқарылатын жұмыстарды айтып өтті.
– Мемлекет басшысы ауылішілік жолдарға көңіл бөлуді тапсырған еді. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Алдағы бес жылда ауыл ішілік автожолдардың сапасын кезең-кезеңмен жақсарту үшін, партия 11 ауылда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткізетін болады. Округімізге қарасты Космос, Базаркелді ауылдары 2025 жылға жоспарланған.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету де партияның назарында. Ол үшін алдағы 5 жылда тіршілік нәрінің мәселесін толығымен шешу жоспарлануда. 19 ауылда сумен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылы Жаңашар мен Космос ауылдары жоба аясында сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде қазіргі уақытта. Бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табатын болады. Алдағы 5 жылда округке қарасты 3 ауылымыздың тұрғындары түегелдей көгілдір отын желісіне қосылады. Балалардың сапалы әрі заман талабына сай білім алу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы орайда, аудандағы 19 бейімделген мектептердің орнына жаңа ғимараттар салынады. Оның ішінде Базаркелді ауылы да бар. Сонымен қатар, Жаңашар ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Аудан мектептерінде 50 пайызға дейін химия, биология, жаңа буын физикасы пәндік кабинеттерімен және IT кабинеттерімен жарақтандырылады. Мәдениет пен өнер ордалары да назардан тыс қалмайды. 2023 жылы 7 ауылда мәдениет ошағының іргетасы қаланады деп жоспарлануда, жоба ішінде Жаңашар ауылы да бар. Қауіпсіздігімізді қадағалап жүрген тәртіп сақшыларының мәселесі де оң шешімін таппақ.
Алдағы уақытта тұрғын үймен біріктірілген 22 учаскелік полиция пункттерінің, оның ішінде Жаңашар ауылдық учаскелік полиция пунктінің құрылысын аяқтау көзделуде.
Өз кезегінде округ тұрғындары алда келе жатқан саяси науқанға белсене қатысып, партияның бағдарламаларын қолдайтындарын жеткізді.
Ескерту! Материалдың ақысы «Nur Otan» партиясы» ҚБ Алматы облыстық Еңбекші қазақ аудандық (Есік қаласы) штабының сайлау қорынан төленді.