Жаңалықтар 24.12.2020 сағат 14:40

Бүгін - даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күні!

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған.
Бүгін - даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күні!
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Осыдан 110 жыл бұрын (1910-1982) Екінші дүниежүзілік соғыстағы даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Совет одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. 

Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Совет армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. 

1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған.  1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған. 

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар. 

Сонымен қатар, батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды. 

Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтілді. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді. 

2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. 

Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар