17.07.2016, 06:00

АҚШ Түркияға Фетхулла Гүленді қайтаруы мүмкін

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ақ үй басшысы Барак Обамадан АҚШ-та қашқында жүрген түрік діндарі Фетхулла Гүленді қайтаруды талап етті. Ресми Анкара Гүленді Түркияда сәтсіз аяқталған мемлекеттік төңкерістің артында тұр деп айыптаған болатын.

"Мен АҚШ президенті Барак Обамадан талап етемін. Мен бұл адамды депортациялауды бұған дейін сұраған болатынмын. Бірақ, менің сөзім желге ұшты. Енді, кешегі төңкеріс әрекетінен кейін мен тағы да сұраймын, оны Түркияға қайтарыңдар. Егер біз стратегиялық серіктес елдер болсақ, сіздер біздің өтінішті орындауларыңыз керек", - деді Ердоған.

Ал, Фетхулла Гүлен болса Стамбұл мен Анкарада орын алған қанды қырғынға қатысы жоқ екенін айтып ақталуда. Оқиға орын алғалы бері діндар осымен үшінші рет осындай мәлімдеме жасады.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Гүленнің төкеріске қатысы бар екені дәлелденсе оны Түркияға беруге дайын екенін айтты. Алайда, нақты айғақты Түрки тарабы көрсете алмай отыр.

Естеріңізге салайық, Түркиядағы қантөгіс 15 шілде күні түнде орын алған болатын. Ауыр артиллерия мен тікұшақтар арқылы елдің маңызды нысандарын шабуылдаған әскерилер мемлекет билігін өз қолдарына алатынын мәлімдеген. Алайда, көшеге шыққан халық көтерілісшілерге төтеп беріп, төңкерістің алдын алды.

Қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар саны 265 адамды құрап отыр. Олардың 104-і көтерілісшілер болса, қалғаны қарапайым азаматтар. Ал, құқық қорғаушылар төңкерісті ұйымдастырған 2389 адамды қамауға алды. Олардың қатарында жоғары шенді әскерилер де бар. Сонымен қатар, 2745 судья қызметінен қуылды.