Түркияның Стамбұл мен Анкара қалаларында орын алған қарулы қақтығыстардан қаза тапқандарды жерлеу рәсімдері жүріп жатыр. Кеше ел президенті өзінің қызметтес досы Эрол Ольчак пен оның 16 жастағы ұлының жаназасына қатысып, серігімен қимай қоштасты деп жазады NTV телеарнасының тілшілері.
Марқұмдардың жаназасы Мармарис университетінің теология факультетіне қарасты мешітте өткен болатын. Осы рәсім барысында сөз алған Ердоған «Эрол менің жақын досым еді», — деп көзіне жас алды. Ол төңкеріске қарсы шығып, қаза тапқан азаматтардың бәрін азап шегуші құрбандар деп бағалады.
Түркия президенті бұл қанды қырғынның артында діндар Фетхулла Гүленнің тұрғанын тағы мәлімдеді. Ол елдегі бүкіл мемлекеттік органдар мен мекемелерді «гүленшілерден» тазартып, Түркияда оның идеологиясына тоқтау салатынын сеніммен айтты.
Естеріңізге салайық, 15 шілде күні кешке билікті басып алмақ болған әскерилер Стамбұл мен Анкарада төңкеріс жасап көрмек болды. Салдарынан барлығы 290 адам қаза тапқан. Олардың саны әлі де артуы мүмкін, өйткені ауруханаларда хал үстінде жатқан тұрғындар көп.
Әділет министрінің хабарлауынша, қақтығыстарды ұйымдастырды деген айыппен 6 мыңнан аса адам тұтқындалған. Олардың қатарында генералдар мен жоғары шенді әскери тұлғалар бар.