28.12.2020, 18:20

«Мені Горбачев өлтірмекші болған» - Мұхтар Шаханов

Фото: inform.kz
Ол бірде Жамбыл Жабаевты "туфли жалағыш" деп атаған еді. Қазір де бұл сөзі үшін өкінбейтінін айтады.

Бірінші кезекте шындық айтылуы тиіс деп шырылдап жүрген қазақ ақыны Мұхтар Шаханов қазіргі хал-ахуалын айтты. Ақын соңғы кездері көпшілік алдында көрінбейді. Оның өзіндік себебі бар дейді өзі. Ал елімізде түбі шындық салтанат құрады деген сенімде, деп хабарлады paryz.kz. 

Бұл туралы Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында айтылған.

"Кезінде Желтоқсан жайын айттым. Горбачевті алдадым. Арал мәселесін айтамын деп, мінберде желтоқсан туралы айттым. Мені Горбачев өлтірмекші болған. Мен бірнеше рет өлімнен қалдым. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етейік деген де мен. Кейін де басшылар ізіме түсті. Себебі мен туфли жаламаймын. Туфли жалағыштар туралы ашық айтамын. Оным басшыларға ұнамайды. Бірде көлігімді апатқа түсіріп, мені өлтірмек болғандар болды. Тіпті ауруханада есімнен танып жатсам, өлі адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Мен бірнеше рет өлімнен қалған адаммын", - дейді ақын. 

Сондай-ақ, Шаханов өлеңдерінің мектеп оқулығына берілмейтініне наразы. Одан бөлек, өзі туралы телеарналардан көрсетілмейтінін айтады. 

"Мені насихаттамау керек деген тапсырма берілген. Қайда барсам, сол алдымнан шығады. Мен оған үйреніп кеткенмін. Ренжімеймін де. Бастысы, мені халық қолдайды. Менің сөзімді тыңдайды. Мені жақсы көреді", - деді ол. 

Шаханов бірде Жамбыл Жабаевты "туфли жалағыш" деп атаған еді. Қазір де бұл сөзі үшін өкінбейтінін айтады. 

Тағы оқи отырыңыз: "Жамбыл Жабаев - туфли жалаудың шебері!" - Мұхтар Шаханов (ВИДЕО)

"Жамбыл Жабаевтың туфли жалағыштардың шебері екенін айттым. Ол үшін өкінбеймін. Себебі, ол солай. Сол кездегі басшыларға жағымпазданған. Ал жақсы өлеңдерін басқалар жазып берген", - деді Шаханов.  

Тіпті, ол әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевты да мазақтап, Жұқағали Бұқатаев деп атаған. 

"Бірде Жазушылар одағында 65 ақын отыр едік. Мұқағали кіріп келді. Бәрің 1 сомнан беріңдер деді. Өзі еңселі азамат еді. Бәрі жинап берді. Екі адам бермей қалған екен. Соған  ашуланды. Сонда мен тұрып айттым, "Сіздің жұқалық мінезіңізді көріп, өзгеге бұқалық мінез танытқаныңызды көріп, сізді бұдан былай Мұқағали Мақатаев емес, Жұқағали Бұқатаев деп атаймын" дедім", - деді Шаханов. 

Шахановтың айтуынша, тек шындықты айтатын ақын ғана нағыз ақын. 

"Елімізде шындық салтанат құратын кез келеді. Мен туралы жаман нәрсе айтылмайды деп ойлаймын. Себебі менің ондай пендешілігім жоқ. Тек шындық қана айтылсын", - деді ақын.