Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания қол жеткізген Сауда және ынтымақтастық туралы келісіміне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 24 желтоқсанда Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания қол жеткізген Сауда және ынтымақтастық туралы келісімін құптайды. Екі тарап - Қазақстанның ірі және маңызды серіктестері. Біз аталған уағдаластықтар Брюссель және Лондонмен қарым-қатынастарымызды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп пайымдаймыз", - делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, мәлімдемеде Қазақстан тарапы Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа екіжақты келісімге қол қоюды көздейтінін жеткізген.
"Біз 2020 жылдың 1 наурызында күшіне енген Еуропалық Одақпен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімімізді жоғары бағалаймыз және 2021 жылы Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа екіжақты келісімге қол қоюды көздейміз", - делінген хабарламада.