Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов Алматыдағы лаңкестік жасаған содырдың түрмеде салафилермен етене араласқанын мәлімдеді.
"Куликбаев Руслан Алпысұлы - 1990 жылы 11 маусымда дүниеге келген, Қызылорда облысының тумасы, бұрын Байқоңырда тұрған. Үйленген. Соңғы уақытта Алматы облысы Іле ауданының Ынтымақ ауылында өмір сүрген. Ұялы телефон сатумен айналысқан", - деді Жұмақанов Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, қанды оқиғаны ұйымдастырған содыр бұған дейін де екі рет сотты болған көрінеді. Алғашқысында 2010 жылы Шымкентте күш көрсетіп ұрлық жасағаны үшін қамалса, 2012 жылы Қызылорда қаласында қару-жарақ сақтағаны үшін істі болған.
Белгілі болғандай, күдікті түрмеде жатқан кезінде салафилермен етене аралсқан екен. Яғни, өзінің де дәл осы діни ағымға қатысы болуы әбден мүмкін.
Естеріңізге салайық, бүгін таңертең Алматыдағы Никольск базарының маңында орналасқан полиция бөліміне суық қаруланған лаңкес шабуыл жасап, салдарынан үш полицей мен бір бейбіт тұрғын қаза тапты. Жараланғандар саны сегіз адамды құраған болатын. Кешкі мәліметтерге сәйкес, ауыр жараланған тағы бір бейбіт тұрғын ауруханада көз жұмыпты.
Бұған дейін лаңкестік әрекетті екі адам жасағаны туралы мәлімет тараған. Алайда, полицейлер шабуылды Руслан Куликбаевтың жалғыз өзі жасағанын айтып отыр.
Айта кетейік, өткен айда Ақтөбеде де ірі лаңкестік оқиға орын алған болатын. Ол кезде суық қаруланған ондаған содыр алдымен қару сататын дүкенді, кейін әскери бөлімді шабуылдап, салдарынан 7 адамды өлтірген еді. Ол кезде де лаңкестердің салафизм ағымын ұстанатынын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі мәлімдеді.