Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Палатаның 2020 жылғы соңғы жалпы отырысын өткізіп, қорытынды нәтижелерге тоқталды.
Палата Төрағасы атап өткендей, депутаттық корпустың жұмысы толықтай Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын, сондай-ақ халыққа Жолдауын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге арналды. Оның ішінде, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту негізгі бағыттардың бірі болғанын алға тартқан Нұрлан Нығматулин, қабылданған барлық Заңдар халқымызды әлеуметтік қолдауға, елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететінін жеткізді.
Тұтастай алғанда, осы шақырылым барысында Парламент Палаталарының 23 бірлескен отырысы, Мәжілістің 1208 мәселе қаралған 186 жалпы отырысы өткен. Осы уақыт ішінде Палатаның қарауында 487 заң жобасы болып, оның 432-сі мақұлданып, Сенатқа жолданды. Ал, бүгінгі таңда 391 заң жобасына Мемлекет Басшысы қол қойды.
Тағы ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы шақырылымда 60 заң жобасына өздері бастамашы болды. Сондай-ақ, Мәжіліс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Экологиялық кодекс», «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі), сондай-ақ, Кедендік реттеу және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы алты маңызды кодексті қабылдады.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин шақырылым барысында «Nur Otan», «Ақ жол», «Халық коммунистері» партияларының фракциялары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы белсенді жұмыс істегенін айта келіп: - Ерекше айту керек, біздің депутаттық корпус елде қалыптасқан жағдай кезінде де, карантин кезінде өз жұмысын бір күнге тоқтатқан жоқ. Қайта, заманға сай технологияларды пайдаланып, тиімді жұмыс жасадық, - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс қызметі барысында халық көтерген нақты мәселелерді шешуге үнемі көңіл бөліп келеді. Осы бес жыл ішінде мәжілісмендер 1150 депутаттық сауал жолдап, тұрғындардан 23 700-ге жуық хат келіп, тиісті жауабы қайтарылған. Сондай-ақ, депутаттар өңірлерді аралап, 17 мыңнан астам кездесулер ұйымдастырып, 1 млн.астам халықпен кездесулер өткізді.
Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің жұмысы ашық та нәтижелі болғанын атап өтіп, заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына парламенттік емес партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылатынын атап өтіп, Мәжілістің жалпы отырыстары, комитеттердің жиындары беделді ақпараттық сайттарда, порталдарда онлайн түрде көрсетілетініне тоқталды.
Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы депутаттарға еліміздің заңнамалық базасын жетілдіріп, отандық парламентаризмді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін, сондай-ақ, заң шығару процесіне белсенді араласқан барлық мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдеріне алғысын білдірді.