Түркияда Абайдың тағы бір ескерткіші бой көтеріп, ақынның есімі берілген кезекті даңғыл ашылды. Хәкім Абайдың ескерткіші Анкараның Гөлбашы ауданында қойылды, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Анадолы елінде екі бірдей кітап түрік тіліне аударылып, оқырманға жол тартты. Түркияда Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіліп жатыр. Жыл бойы Хәкімнің мұрасы насихатталып, ойшылдардың есімі ұлықталды.
Жергілікті телеарналарда Абай жылының салтанатты ашылуы көрсетіліп, арнайы бағдарламалар жарияланды. Жоғарғы оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, студенттер арасында Абай шығармалары жөнінде пікірсайыс өтті.
Биыл Түркияның бірнеше қаласына Абай ескерткіші қойылып, саябақ пен даңғылға ұлы ақынның есімі берілді. Меруерт Қанағат, тілші: - Түркияда Абайдың тағы бір ескерткіші бой көтерді. Енді Ұлы ақынның есімі Анкараның ең үлкен Гөлбашы ауданында мәңгі сақталады. Гөлбашы - Көлбасы деген мағына береді. Тап осы Көлдің жағасын көктей өткен көшеге Абай есімі беріліп, ойшылдың еңселі ескерткіші орнатылды. Қоладан құйылған ақынның сұлбасын Қазақстандық мүсінші Мұрат Мансуров жасаған. Еліміздің елшілігі мен шаһар мэриясы ұйымдастырған іс-шараға түріктің қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдері қатысты. Елші Абзал Сапабекұлының сөзінше, Абай есімі берілетін мекендерді алдын-ала зерттеп, халықтың ең көп шоғырланған жерін таңдаған.
Абзал Сапарбекұлы, ҚР Түркиядағы Елшісі: - Анкараның ең көрнекті ауданының бірі туристер көп келетін Көлбасы деп аталатын ауданда ашуға ұйғардық. Көптеген ұсыныстар келіп түсті. Соның ішінен осы ауданды таңдадық. Бұл ауданның бірі ерекшелігі, парктің алдынан велосипед жолы өтеді. Ең көрнекті туристік орынға айналады. Қазірдің өзінде, көлдің айналасында көптеген туристік орындар бар.
Рамазан Шимшек, Гөлбашы ауданы мэрі: - Абай есімін 25 мыңнан астам студент қатынап оқитын даңғылға бердік. Көше бойында Анкара, Гази және Хажы Байрам Университеттерінің кампустары бар. Біз үшін түркі жұртының тарихы маңызды. Жастарымыз туыстас халықтың тұрмыс салтын білулері тиіс. Ол да осындай бастамалармен жүзеге асады.
Сондай-ақ түрік тіліне тәржімаланған «Абай және әл Фараби» мен «Ұстаздың оралуы» кітаптары таныстырылды. Түрік оқырманына жол тартқан кітаптардың авторлары Ақжан әл Машани мен Әнуар Әлімжанов.
Йакуп Өмероғлұ, Еуразия Жазушылар одағының басшысы: - Бұл кітаптар Абай мен Әл Фарабидің елімізде одан әрі танылуына елеулі үлес қосады. Ақжан әл Машанидің шығармасы арқылы оқырман қос ойшылдың философиясындағы ұқсастық пен ерекшеліпен танысады. Әлімжановтың туындысы Фарабидің өмірін роман ретінде баяндап, тыңдаушыға «шәйдің ішіндегі шекер секілді» жеткізеді. Түркияда «Абай брендін қалыптастыру» мұнымен шектелмейді. Келесі жылға да жоспарлар жеткілікті.
Ұлы ақынның өмірі мен шығармалары жайлы туындылар жарыққа шығады.