19.07.2016, 11:55

Екібастұзда белгісіз біреулер полиция мен прокурорды атып кетті

Оқиға 17 шілдеге қараған түні Пшембаев көшесінде орналасқан дәмханалардың бірінде орын алған. Бейресми деректер бойынша, прокурор тыныштықты бұзған жастарға ескерту жасағаннан кейін арада ерегіс басталған көрінеді. Салдарынан бұзақылар травматикалық қарудан прокурор мен сол жерде болған полиция қызметкерін атып тастаған.

Қазіргі таңда күдікті екі азаматқа іздеу салынды. Тәртіп сақшылары олардың кім екенін анықтапты. Екеуі де 23 жастағы жігіттер. Бірі бұған дейін сотты болған екен.

"Жәбірленгендердің екеуі де медициналық бақылауда. Екібастұз қалалық ІІБ-нің 24 жастағы қызметкері жергілікті ауруханада ем қабылдаса, 30 жастағы қалалық прокуратураның қызметкері үйінде емделіп жатыр", - дейді Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Полицейлер "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнынан күдіктілер қашып кеткендіктен, екеуіне де іздеу жарияланды. Олардың тұлғалары анықталған.