20.07.2016, 10:26

Ел аза тұтып жатқанда Мәсімов жастық шағын есіне алды (ВИДЕО)

Бүгін ел Алматыда орын алған теракт құрбандарын ақтық сапарға шығарып салып, аза тұтып жатыр. Халықтың тыныштығы үшін күрескен жас-жас жігіттер бір-ақ сәтте лаңкестің қолынан қаза тапты. Бұл тек марқұмдардың отбасына түскен ауыртпалық емес, Қазақстан халқының қайғысы. Ресми түрде елде қаралы күн жарияланбағанымен, халықтың көбі қайғылы көңіл-күйде. Болған жайттан әлі есін жия алар емес.

Алайда, бұл қаралы хабар, қайғылы көңіл-күй премьер-министр Кәрім Мәсімовке онша әсер ете қоймаған секілді. Алматыға барып, қаралы отбасыға көңіл айтудың орнына Кәрім Қажымқанұлы серілік құрған жігіттік шағын еске алып, шалқып отыр. Үкімет басшысы өзінің Instagram-парақшасына жастық шағында түскен бейнежазбаны жүктеп, көпшілікпен бөлісті. Әрине, премьердің ішіне кіріп-шыққан жоқпыз, қайғырса қайғырып-ақ жүрген шығар. Бірақ, дәл бүгін, яғни жаназа шығып жатқан кезде көңіл көтермей-ақ қойса болатын еді ғой?!

Мұны ауылдағы "Сәрсенбай", әлде "Бейсенбайлар" жасап жатса үндемес едік. Тіпті, білмес те едік. Ал, бүтін бір мемлекеттің үкіметін басқарып отырған тұлғаның осынау әрекеті көңілге түрлі ой салып отыр.

Мәсімовке ренішін, әлеуметтік желілерде жеткізіп жатқандар аз емес. Солардың бірі танымал журналист - Дина Елгезек.

«Бүгін қазақ үшін қаралы күн... Қапыда қаза тапқан үш арысын ел ақтық сапарға шығарып салды... Ал, Премьер~министр Кәрім Мәсімов болса бүгін серілік құрған жігіттік бал шағын еске алып шалқып отыр... Сонау студенттік кезеңнен сақталып қалған бейнежазбаны көппен бөлісіп, көңіл бірледі... Қолдан саясаткер жасаудың кульминациялық сәті осы шығар... Бұдан ары кетсе, не боларын болжау қиын... Иә, Молықбайдың ұрпағы екені рас болса, өткенге еміреніп емес, үш боздақты шығарып салған азалы топтың ортасында күңіреніп тұрар еді-ау...», - дейді ол.

Естеріңізге салайық, Алматыдағы лаңкестік оқиға 18 шілде күні таңертең орын алған болатын. Суық қаруланған ер азамат қаладағы полиция бөлімшелерінің біріне келіп, бірнеше қызметкері атып салған. Лаңкес мұнымен тоқтамай, көшедегі бейбіт тұрғындарға оқ жаудырыпты. Салдарынан 4 полицей мен 2 қарапайы азамат көз жұмды. Бүгін Алматы мен Жамбыл облыстарында оларды жерлеу рәсімдері өтті.