Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Қажыбаев 78 жасында қайтыс болды.
Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
«Қаламыздың құрметті азаматы Амангелді Қажыбайұлының қайтыс болғаны туралы өкінішпен хабарлаймыз», - деп жазды қала басшысы.
Кезінде ол Өскемен мен Семей қаласының әкімі, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.
«Отбасына және достарына шын жүректен көңіл айтамын», - деп жазды Жақсылық Омар.
Амангелді Қажыбаев 1943 жылы 23 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1967 жылы Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш зауытында бастаған.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
2001 жылдың ақпанынан 2002 жылдың қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
2002 жылдың қарашасында ол Семей қаласының әкімі болып тағайындалды.
2004 жылдың 15 қаңтарынан 2005 жылдың қаңтарына дейін Өскемен қаласының әкімі болды.
2007 жылы «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.