$ 498.55  524.28  4.75

Алматыдағы теракт кезінде жалған ақпарат таратқандар ұсталды

18 шілде күні Алматыда орын алған теракт кезінде City Plus сауда орталығында адамдардың кепілдікке алынғандығы және "Жұлдыз" шағынауданындағы қарулы топтың атыс ұйымдастырғандығы туралы жалған ақпарат таратқан екі адам ұсталды деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі. Ұсталғандардың бірі 21 жастағы студент қыз болса, екіншісі 23 жастағы жас жігіт.

"Қоғамда дүрбелең туғызғандардың бірі – 1995 жылы туған бойжеткен, қаладағы ЖОО-ның студенті. Ол Алматыда орын алған жайт туралы хабарламалардың астына City Plus сауда орталығында лаңкестердің тұрғындарды кепілдікке алғандығы және қаза тапқандардың бар екені туралы сендіріп жазған. Екінші күдікті – 1993 жылы туған ер азамат. Ол қаланың төменгі бөлігінде жүзге жуық суық қаруланған адамның тұрғындарды атып жатқандығы туралы жалған ақпаратты қасақана таратқан", - дейді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазіргі таңда екі күдікті де ұсталып, олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Полицейлер жалған ақпаратты қасақана таратқан өзге де күдіктілерді іздестіруде.

Естеріңізге салайық, Алматыдағы лаңкестік жайт 18 шілде күні орын алған болатын. Суық қаруланған ер азамат Никольск базарының жанында орналасқан полиция бөліміне шабуыл жасап, бірнеше тәртіп сақшысын атып тастаған. Лаңкес 24 минуттың ішінде үш жерде болып, барлығы 6 адамды атып өлтіріпті. Олардың төртеуі полиция қызметкері болса, екеуі бейбіт тұрғын.

ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақановтың айтуынша, тірідей қолға түскен күдікті бұған дейін екі рет сотталып, түрмеде салафилермен тығыз байланыста болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары