$ 494.87  520.65  4.91

«Қалаған партияға дауыс бер» - Асанәлі Әшімов

Парламент және Мәслихат депутаттарын сайлау науқанынан КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов те шет қалған жоқ.

Бүгін Алматыда белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары дауыс берді. ҚР ҰҒА Президенті, академик Мұрат Жұрынов Алматы қалалық №17 мектеп-интернатының аумағындағы сайлау учаскесіне келді. Дауыс беру үшін ерте келген ғалым өз таңдауын жасаған соң, БАҚ өкілдеріне сұқбат берді. Ұлттық ғылым академиясының президенті  халықтың сайлауға деген ынтасы төмен аймақтарды зерттеу керек деген пікір айтты.

«Егер бір аймақта халықтың сайлауға келу белсенділігі төмен болса, ол – қауіпті сигнал. Демек, ол жақта мәселе бар деген сөз. Ол жерді Үкімет терең зерттеуі керек. Неге халық сайлауға келмеді, оның әл-ауқаты, проблемасы саралануы керек. Сайлау- экономиканың әлеуметтік дамудың индикаторы. Сондықтан билікке келген үкімет мүшелері мұны мұқият қарауы керек», - дейді академик.

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының бірнеше мүшесі ҚР Парламент Мәжілісіне депутаттықа үміткер. Олар негізінен үш партияның атынан ұсынылған. Бір айға созылған үгіт-насихат шараларында да олар белсенді болды. Қазақстан жазушылары одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бүгін «Satbaev Университеті» ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол жастар үшін дауыс бергенін айтты.

«Сайлау экономика, саясат және әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды. Бірақ руханият та ұмытылмауы тиіс.  Жазушылар одағының бірнеше мүшесі биылғы Мәжіліс сайлауына үміткер ретінде қатысып отыр. Шығармашылықтарында қарым-қабілеттерін танытып, таланты мен дарыны айқындалған өз оқырмандарын тауып, әдебиеттен  тиісті орындарын алған азаматтар бара жатыр. Олардың көбі жастар. Нағыз тепсе темір үзетін шақтарында додаға түсіп, өз бақтарын сынап көрді. Мен оларға тілектеспін», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Парламент және Мәслихат депутаттарын сайлау науқанынан КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов те шет қалған жоқ. Өнер қайраткері өз зайыбымен Медеу ауданында орналасқан қонақүйлердің біріндегі №382 сайлау учаскесіне келді. Әртісті БАҚ өкілдері күтіп тұрды. Кино және театр тарланы дауыс берген соң, «Халық – құдайдың бір аты» деді. Бұл сайлау халық игілігі үшін және мен де халық әртісімін. Парламентке баратын әр депутат халық, ел деп жанашырлықпен жұмыс істесе, жаман болмаймыз», деді А. Әшімов.

«Барлық партия тең, халық өзінің таңдауын жасқанбай, жасырынбай жасайтын күн. Ешкім ешкімнің желкесінде тұрған жоқ. Қалаған партияға дауыс бер. Олардың артында халық тұр. Мен қолыма берген қағазға көзімді жұмып тұрып, сипай салдым. Өзім қай партияға дауыс бергенімді қарағаным да жоқ», - деді Асанәлі Әшімов.

Ол дауыс берген соң, сайлау учаскесінің ғимаратында ұзақ отырды. «Мұнда қанша уақыт боласыз» деген журналистер сұрағына ол «Сайлау мен үшін қызық, оның өту барысын сайлау учаскесінде отырып бақылағым келеді. Сондықтан бақылаушылар арасында отырмын» деп жауап берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары