Бұл туралы ОҚО әкiмi аппаратының басшысы Еркеғали Әлiмқұлов «Оңтүстік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, «Ашық әкiмдiк» деп аталатын жаңа портал өңірде орын алып жатқан келеңсіз жайттармен күресуге мүкіндік беріп отырған көрінеді.
Аталған портал халық пен билік арасындағы байланыстың негізгі құралдарының біріне айналған. Тұрғындар орын алып жатқан кемшіліктерді, келеңсіздіктерді фотоға немесе видеоға түсіріп, проблеманы биліктің құлағына оңай жеткізе алады. Тиісінше, облыс әкімдігіндегілер жауапты апталап күттірмей, барынша жедел беруге тырысады.
Осындай келеңсіз жайттардың бірін сарыағаштық тұрғындар байқаған. Ауданның орталық ауруханасында қызмет ететін дәрігерлер мен медбикелер табиғатта демалу үшін жедел жәрдем көлігін пайдаланыпты. Мұны куәгерлер дереу суретке түсіріп, порталдың Фейсбуктегi парақшасына жүктеген.
«Жақында Сарыағаш ауданындағы орталық емхана қызметкерлерiнiң «Жедел жәрдем» көлiгiн мiнiп алып, табиғат аясына демалуға шыққаны туралы ақпарат келiп жеттi. Суреттерi «Ашық әкiмдiктiң» «Фейсбуктегi» парақшасына түстi. Бiз бұл ақпаратты ОҚО денсаулық сақтау басқармасына бердiк. Басқармада дереу арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына облыс әкiмдiгiнiң инспекторы да кiрдi. Факт расталды. Медицина қызметкерлерi бос тұрған қосалқы «Жедел жәрдем» көлiгiн пайдаланғанын, бұл жағдайдың халыққа қызмет көрсетуге ешқандай керi әсерi болмағанын айтқанына қарамастан, мемлекеттiң мүлкiн жеке мақсаттарына пайдаланғаны үшiн жауапқа тартылды. Аға дәрiгер мен гараждың басшысы жұмыстан шығарылды, ал, бас дәрiгерге қатаң сөгiс берiлдi», - дейді Е.Әлімқұлов.
Сондай-ақ, тағы осы Сарыағаш ауданында мектеп оқушыларының еңбекке жегілгенін байқаған тұрғындар әкімдікке арызданған.
«Сарыағаш ауданынан тағы бiр бейнежазба келiп түстi. Онда Құркелес ауылындағы Б.Омаров атындағы №50 орта мектепте 6-сынып оқушылары едендi сырлап жатқанын көруге болады. Шiлденiң 5-i күнi аталған мектептiң директоры қызметiнен босатылды. Бiздiң азаматтар белсендi болған сайын, осындай мәлiметтердi бiзге жиiрек жiберген сайын облысымызда тәртiп орнатуға мүмкiндiк көбейе түседi. Бiз тұрғындардың қолдауына мұқтажбыз», - дейді ОҚО әкiмi аппаратының басшысы.