ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасады.
Қазіргі таңда Covid-19 таралу қарқыны бойынша ҚР-ның 6 өңірі «қызыл аймақта» тұр, атап айтсақ: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы.
«Сары аймақта» — Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Инфекциялық төсек орындардың жүктемесі – 32%, реанимациялық төсек орындар – 23%. QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%).
«Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. GMP стандарты бар вакциналар шығаратын биофармзауыт салынып жатыр.
«Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – халықты жаппай вакциналауды ұйымдастыру», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты «Спутник V-мен» жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды.
Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат министрлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.