Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегілер бірқатар сұраққа жауап берді, деп хабарлайды azh.kz.
Соның ішінде Нұрлан Таубаевтың ісі, Таубаевтың пара бопсалағаны туралы хабарлаушы қанша сыйақы алатыны жайлы сұрақ болды.
«Егер пара мөлшері 1000 АЕК-тен (2021 жылы 2 917 000 теңге) асып кетсе, біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген зиян сомасының 10%-ы болады, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. Алайда сыйақының сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана берілетінін түсіну керек. Бұл жағдайда да осылай болады», - деп жауап берген.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровқа 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
4 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады.