23.01.2021, 19:31

ҚазҰУ-нің қалашығына тиесілі жер кімдерге сатылып кеткен?

Фото: ашық дереккөзі
Университет қоршаусыз қалғанымен, оның аумағының ішінен қоршап алып құрылыс жүргізіп жатқан ірі құрылыс компаниясы бар. Саясаттанушы Санжар Боқаев бұл істің астарында жемқорлықтың бар екені анық дейді.

Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жердің бірнеше бөлігі жеке меншікке өтіп кеткені жайлы шудың басылар түрі жоқ, деп хабарлайды 31 арна.

Алайда университет өкілдері жерді өзгенің иелігіне беруге қатысты ешқандай құжатқа қол қоймадық деп отыр. 

Университет әкімшілігі заңсыз құрылыс жүргізіп жатқан компания мен бізге жала жауып жатқан азаматтарды анықтау үшін полицияға шағым түсірдік дейді. Ал Алматы әкімдігі қоршаусыз тұрған ұлттық универсиеттің аумағы қай жермен шектелетінін айтпай  отыр. 

Қазақ Ұлттық университетінің аумағы 800 шаршы метрге кішірейіп, жері жекенің қолына өтіп кетіпті деген әлеуметтік желідегі шу басылмай жатып-ақ, осы аптада қара шаңырақтың аумағындағы жер телімі тағы да бірнеше мекемеге берілген деген ақпарат шықты. Оқу орнының басшылығы жерді басқаға беруге біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп, полицияға шағым түсіргендерін айтты. Ал заңгер Бақытжан Базарбектің көпшілікке жариялап жатқан құжатындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Бүркітбаевтың қолы осыдан 4 жыл бұрын "Қоршаусыз қала" бағдарламасына қатысты қойылған дейді. 

"Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару бойынша қандай да бір құжаттарды әзірлеуге қатысқан жоқ. Алматы қаласының прокуратурасына және Полиция департаментіне бұған дейін жіберілген өтініштерге қосымша, университет 2021 жылғы 8 қаңтарда полиция департаментіне "Geo Audit Company" ЖШС директоры О.Базарбай мен басқа да анықталмаған тұлғаларға қатысты алаяқтық және өзге де құқыққа қарсы әрекеттері үшін тиісті процестік әрекеттерді қабылдау туралы өтініш берді", - делінген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ресми ақпаратында.

Университет қоршаусыз қалғанымен, оның аумағының ішінен қоршап алып құрылыс жүргізіп жатқан ірі құрылыс компаниясы бар. Саясаттанушы Санжар Боқаев бұл істің астарында жемқорлықтың бар екені анық дейді.

Айта кетейік, 2017 жылы ҚазҰУ-ға қарасты жер аумағы бойынша Алматы әкімдігі шешім шығарған.  

"70-ке жуық сотка жерді беріп тастаған. Ол деген өте үлкен жер. Есентай өзенінің жағалауында орналасқан ең қымбат жер. Әлеуметтік салаға бере салған жер емес қой. Жеке кәсіпке жеке бизнеске кеткен жер болғандықтан, оның астарында жемқорлық немесе үлкен біреудің қызығушылығы болуы мүмкін", - дейді саясаттанушы Санжар Боқаев. 

Ал қалалық әкімдік әлі күнге дейін Ұлттық университет аумағының жері кімдердің иелігінде екенін айтпай отыр. Бір анығы, ҚазҰУ-ға жақын, 800 шаршы метр жерге салынып жатқан құрылыс нысаны мен оқу орнының ортасы бөлініп тұрған жоқ. Университет әлеуметтік желіде жарияланған құжаттар жалған, онда оқу орнының мөрі де қойылмаған дейді. 

Тегтер: ҚазҰУ жер сату