24.01.2021, 22:05

Белгілі қазақстандық өнертапқыш қайтыс болды

фото: pixabay.com
Ол 400-ден астам ғылыми мақала мен өнертабысқа арналған 106 авторлық куәліктің авторы.

Осы жексенбіде танымал қазақстандық өнертапқыш Альберт Болотов дүниеден озды. Ғалым 86 жасында ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға академиктің әріптестері хабарлады. 

"Бүгін түнде энергетик, өнертапқыш – Болотов жел роторлы турбинасының авторы, Қазақстандағы жел энергиясы көздерін алғаш жасаушы ғалым дүниеден өтті. Альберт Васильевичтің жарқын бейнесі мәңгі есте қалады", - деп хабарлады олар.  

Альберт Болотовтың ұзаққа созылған аурудан қайтыс болғаны аталып өтті.

Альберт Васильевич Болотов 1934 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген. 400-ден астам ғылыми мақала мен өнертабысқа арналған 106 авторлық куәліктің авторы.

Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының (ҚР ҰИА) академигі, ҚР ҰИА президиумы жанындағы жоғарғы кеңестің мүшесі, Алматы энергетика институтының тұңғыш ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор болды. Өмірінің соңғы жылдарында "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Жоғары технологиялар институты жанындағы баламалы энергетика зертханасының бастығы болып жұмыс істеді.

 Ол Қазақстандағы жел энергиясы көздерін дамытып, роторлы жел турбинасын ойлап тапқан.