Португалиядағы президент сайлауының бірінші кезеңінде қазіргі мемлекет басшысы Марселу Ребелу де Соуза айқын жеңіске жетті. Оның кандидатурасын дауыс берген сайлаушылардың 60%-дан астамы қолдаған. Осылайша де Соуза екінші мандатқа ие болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Сайлауда «Тоқта» оңшыл партияның жетекшісі, университет профессоры Андре Вентураға сайлаушылардың 12% -ы дауыс берген. Социалистердің кандидаты, заңгер және бұрынғы дипломат Ана Гомеш шамамен 11% дауыс жинады.
Бұл сайлауды сарапшылар пандемия мен соның салдарынан туындаған дағдарыс кезіндегі мемлекеттік саясатқа сенім білдіру деп бағалады. Португалия экономикасы карантин шектеуінен қатты зардап шеккен елдердің қатарында. Сарапшылар бұл күрделі әлеуметтік проблемаларды тудырады деп қауіптенді.
Дауыс беру қарсаңында Португалияда COVID-19 жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандардың саны бойынша антирекорд тіркелді, осыған байланысты билік сайлауды қауіпсіз өткізуге бағытталған шараларды қолға алды.