Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент жанынан «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз! Мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз» , – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржының кіріс көлемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлемдердің жинақтық деңгейі төмен екені байқалады. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны туралы дерек анықталды. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды.
Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрттен біріне, ал Дүниежүзілік банктің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «көлеңкелі» аймақта екен.