«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сақталатын «СҚ-Фармация» логистикалық хабына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды nege.kz порталы.
Елордалық бірыңғай дистрибьютор 85 мемлекеттік медициналық ұйымды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етеді. Қойманың жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрді құрайды, онда дәрі-дәрмекті сақтауға қажетті мұздатқыш камералары, бөлінген аймақтар, белгілі бір температуралық режим сынды барлық жағдай қамтылған.
«Астана қаласындағы Бірыңғай дистрибьютор арқылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласындағы 85 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 5 республикалық клиника мен 80 қалалық маңызы бар медициналық ұйым бар. Бізде дәрі-дәрмек бір жылдан екі жылға дейін сақталады. Шілде айында ведомствоаралық комиссияның қаулысы бойынша 44 атаудан тұратын дәрі-дәрмектің азаймайтын қорын құру туралы тапсырма берілді.
Желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен, үш дәрілік зат бір препаратқа ауыстырылды, бір препарат – «Ремедисивир» коронавирусты емдеу протоколынан шығарылды. Сол себепті, қазір 44 атаудың 40-ы сақталуда. Дәрілер бойынша тапшылық жоқ. Мұнда екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылған», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарушы директоры Аймұарт Салиев елордалық хабта өткен мониторингте.