$ 448.15  483.46  4.86

Қазақстан Ресейдің «Спутник V» вацинасын 17 млрд теңгеге сатып алмақ

Вакцинаның партиясына байланысты баға "20 мен 26 доллар арасында құбылуы мүмкін.
Фото: ria.ru
Фото: ria.ru

Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ. Мұны 27 қаңтардағы брифинг кезінде Азаттық сауалына жауап берген Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Оның айтуынша, вакцинаның бір бөлігі Ресейдің өзінен сатып алынады, ал бір бөлігін Қарағандыда орналасқан "Қарағанды фармацевтика кешені" өндіреді. Желтоқсанда мұнда "Спутник V" вацинасының алғашқы сынақ нұсқасы шығарылған.

– Бюджетте жалпы 10 миллиондай адамды қазақстандық, ресейлік және бәлкім басқа [вакцинамен] қамтамасыз етуге жететін қаржы қарастырылған, оның көлемі шамамен 50 миллиард теңге. Соның ішінде Ресей вакцинасының 2 миллион дозасы бар. Екі дозаға 20 доллардан, жалпы 14 миллиард теңге, – деді Шоранов.

Журналистер брифинг барысында-ақ есептеп, Ресей вакцинасының екі дозасы 20 доллардан болғанда жалпы 16,8 миллиард теңге кетеді деген қорытынды шығарды. Артынша вице-министр "ойша есептегенде қателескенін" айтып, Ресей вакцинасына "16 мен 17 миллиард теңге аралығында" қаражат бөлінді деді. Оның айтуынша, қалған ақша сынақ әлі аяқталмаған қазақстандық вакцинаны алуға арналған.

Шорановтың айтуынша, Ресейде я Қазақстанда шығарылғанына қарамастан, "Спутник V" вакцинасының бағасы бірдей болмақ. Вакцинаның партиясына байланысты баға "20 мен 26 доллар арасында құбылуы мүмкін", келісімдерге қол қойып, соңғы коммерциялық ұсынысты бергеннен кейін ғана соңғы сома нақтыланады деді Шоранов.

Ресей вакцинасының Қазақстанда өндірілетінін хабарлаған ел үкіметі желтоқсанның соңында логистиканы қаперге алғанда Қарағандыда шығатын вакцина арзандау болуы керек деген еді.

Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа Ресей вацинасын салу 1 ақпанда басталады деп мәлімдеген. Наурызда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, ведомстволық медицина мекемелері өкілдеріне; сәуірден бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар азаматтарға вакцина салынбақ.

Цойдың айтуынша, жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион кісіге екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамды қамту жоспарланған.

Жоспар бойынша, "Қарағанды фармацевтика кешені" сәуірден бастап айына 600 мың доза вакцина шығаруы керек. 18 қаңтарда Ресейдің ақпарат агенттіктері "Спутник V" екпесінің Қазақстандағы кешенде өндірілген сынақ нұсқасы оны әзірлеген Гамалея атындағы институтта тексеруден өткенін хабарлады. Вакцина әзірлеу процесін қаржыландырған Ресей тікелей инвестиция қоры желтоқсанда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігімен келісімшарт жасасқан. Содан соң "Қарағанды фармацевтика кешені" қажет сұйықтықты алып, "Спутник V" вакцинасының алғашқы 6 мың дозасын жасады.

Қазақстан басшылығы әзірге сынақтың барлық кезеңінен өтіп, тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген Батыстың AstraZeneca, Pfizer-BioNTech, Moderna вакциналарын алу жоспарын айтқан жоқ. Батыс ғалымдары "Спутник V" вакцинасының клиникалық сынақ нәтижесіне күмәнмен қарайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары