Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасы үшін пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл туралы әлеуметтік желі арқылы өткен тікелей эфир барысында «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты.
«Енді зейнетақы жинағын алуға қатысты ережеде сегізінші мақсат қосылды, ол «көмекші репродуктивті әдістер мен технологиялар» деп аталады. Мұның ішіне экстракорпоральді ұрықтандыру процедурасы да кіреді», - дейді Ләззат Ибрагимова.
«Отбасы банк» төрайымының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі келесі аптада оның ережесін жариялайды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында еліміздегі жасанды бала сүю процедурасына бөлінетін квота санын жеті есеге арттыруды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты арнайы бағдарлама қабылдайды.