25.07.2014, 06:00

Қазақстандық 23 турист Израильден ақыры ұшып шықты

Сурет: comefor.info

ҚР Сыртқы істер министрлігі Израильден Түркияға аттана аламай отырған ҚР азаматтарының Түркияға Грекия арқылы ұшақпен аттандырылғанын твиттердегі ресми аккаунтында мәлімдеді.

«Алғашқы 23 азаматымыздың Түркияға Грекия арқылы ұшқанын хабарлаймыз. Қалған отандастарымызды қайтару жұмыстары жүруде. Консул әуежайда, қалғандарды басқа рейске тіркеуде. Жаңа ақпарат түскеннен кейін қосымша хабарлаймыз», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қазақстандық саяхатшыларды дереу елге қайтару үшін тиісті шараларды шұғыл қолға алған болатын.

Қазірдің өзінде Палестинада жүрген 13 жерлесіміз Израильдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілді. Енді оларды тез арада Түркияға жеткізу үшін барлық өкілетті органдармен келіссөздер жүргізілуде. Тағы 17 қазақстандық Тель-Авив пен Иерусалимнің қонақүйлеріне жайғастырылған.