Құрдымға кеткен Tengri Bank-тің экс-менеджерлеріне халықаралық іздеу жарияланды. Бұған дейін қаржы ұйымының бұрынғы басшылары миллиардтарды жымқырды деген күдікке ілініп қылмыстық іс қозғалған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
"Ол азаматтардың біреуі департамент бастығы Бақытов және тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Рахметова. Егер аталған азаматтарды қай жерде екенін білген жағдайда, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарлауды сұраймыз", - деді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.
44 жастағы Алмас Бақытов банктің әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры болған. Ал Тоғжан Рахметова соның бақылауындағы компаниялардың бірін басқарған. Оларға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы тағайындалған.
Банктің экс-менеджерлері 5 миллиард 400 миллион теңгені жымқырған деген күдікке ілінген. Tengri Bank басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары мен Алматы қаласындағы филиал директорының экс-орынбасары ұсталған. Ал қаржы ұйымы былтыр қыркүйекте лицензиясынан айырылды. Бұған банктің заң бұзушылықтарға жол беруі себеп болды.