Ашық диалог алаңында шет елдердің оң тәжірибесі бойынша жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу туралы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы новеллалардың екінші пакетіне қол қойды, онда комплаенс сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралдарының бірі ретінде айқындалды. Квазимемлекеттік сектор ұйымдарында құрылымдардың комплаенсін айқындау туралы норма заңнамалық түрде енгізілді, жеке компаниялар үшін оларды құру құқығы бекітілді.
Бүгінгі таңда әлемде ұйымдардың парасаттылығын қамтамасыз етудің негізгі құралы тәуелсіз комплаенс қызметтерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау шеңберіндегі тиімді қызметі болып табылатынын атап өткен жөн.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын іске асырған компаниялар сөз сөйлеп, өздерінің оң тәжірибелерімен бөлісті.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге елеулі әсер етеді деген пікір білдірді. Іске асыру сатысында олардың «тәртіп орнату» функцияларын орындаудағы дербестігі мен тәуелсіздігі маңызды болып табылады. Олардың жұмысы корпоративтік мәдениеттегі парасаттылық бағытындағы оң өзгерістерге әсер етеді.
Алик Шпекбаев бизнес секторда комплаенс-қызметтер институтын енгізуге шақырды: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс шын мәнінде жұмыс істейтін тетік болуы және ұйымдардың корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы осы жұмыстың бәрінде басты мәселе. Бірақ бұл үшін көптеген жылдар бойы тиімді болатын тетікті қарастыра отырып, енгізу кезеңінде айтарлықтай күш салу қажет», - деп атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар компаниялар өз қызметінде имидждік тәуекелдерді болдырмау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс енгізуге ниет білдірді.