Ақтөбеде каратэдан 18 жастағы Азия чемпионы Дәулет Хайролла көз жұмды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Қаралы хабарды Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров растады.
"Иә, қаза болғаны рас", – деді ол.
Айтуынша, 18 жастағы спортшыны жанжал кезінде өлтіріп кеткен. Қазіргі кезде күдіктілер ұсталған.
Ақтөбе облысы полиция департаменті каратэдан Азия чемпионы 18 жастағы Дәулет Хайролланың өліміне қатысты ақпарат таратты.
Полицияның мәліметінше, 4 ақпанда бір топ жас таныс қызының туған күнін атап өту үшін Ақтөбенің ескі бөлігінде үй жалдаған.
"Туған күн кешінде жастар арасында жанжал шығып, олардың бірі атыс қаруын қолданып, кісі өлтірді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды", - делінген хабарламада.
Ол кісі өлтіргенін толық мойындап, қылмыс құралын жасырған жерді көрсетті.
Кісі өлтіру фактісі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Киокушинкай каратеден 2018 жылғы Азия чемпионы атанған Дәулет Хайролла қоңыр белбеу иегері болған.
Сондай-ақ, ол келесі аптада Қазақстан кубогы үшін өтетін жарысқа баруы керек еді.