$ 448.89  477.93  4.76

ОҚО-да бала ұрлаған қарт әйел 7 жылға сотталуы мүмкін

Оңтүстік Қазақстан облысында кішкентай екі баланы ұрлады деп айыпталып жатқан 60 жастағы Балжан Орақбаева 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл туралы жоғалған 7 жасар Мұхаммед Қамшыбектің әкесі мәлімдеді деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жазаның мұндай түрін сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушылар сұраған. Баланың әкесінің айтуынша, жақын күндері әйелге сот үкімі шығады. Бұған дейін күдікті мен оның туған-туыстары жәбірленуші тараптан кешірім сұрап, үлкен көлемде қаражат та ұсынған көрінеді. Алайда, баланың ата-анасы әйелді кешірмейтінін айтып отыр. "Біз оны кешірмейміз. Ол қоғамға қауіпті адам. Бұл қылмысын тағы қайталауы мүмкін", - дейді Мұхаммед Қамшыбектің әкесі Қазыбек. Оның айтуынша, сот-медициналық сараптама күдікті әйелдің ақыл-есі сау екенін анықтап, қорытынды шығарған.

Естеріңізге салайық, алты жастан енді асқан Мұхаммед Қамшыбек биыл 20 ақпан күні мектептен үйіне қарай шыққан кезде жоғалып кеткен болатын. Оқу ғимаратының алдына келген кәрі әйел оны белгісіз бағытқа қарай жетектеп әкетіпті. Полицейлер мен ерікті азаматтар оны бірнеше күн іздеп, ақыры Арыс қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінен тапты. Баланың дені сау, өміріне қауіп төнбеген. Ал, күдікті әйел болса өзінің бұл әрекетін нақты түсіндіріп бере алған жоқ.

Полицейлер тергеу кезінде Балжан Орақбаеваның 2013 жылы да дәл осындай қылмыс жасағанын анықтады. Ол кезде әйел мектепке жаңа барған Нұрай Өмірәлі есімді кішкентай қызды ұрлап кеткен болатын. Алайда, араға бірнеше күн салып күдікті кішкентай қызды Шымкенттегі ірі базарлардың бірінің жанына әкеп тастап кетіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары