Германия сыртқы істер министрлігі 8 ақпанда Ресейдің Берлиндегі елшілігі қызметкерлерінің бірін персона нон грата деп жариялады, деп жазады Азаттық радиосы.
Германия СІМ өкілінің сөзіне қарағанда, неміс үкіметі Германия және Еуроодақ елдерінің Мәскеудегі елшілік өкілдерінің Ресейден шығарылуына осылайша жауап қатып отыр.
Дүйсенбі күні Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде Twitter-де Ресей елшісі бір ресейлік дипломаттың Швециядан шығарылғандығынан хабардар екенін жазды.
"Бұл бар болғаны өзінің міндетін атқарған швед дипломатын елден шығару жөнінде ақылға қонымсыз шешімге жауап" деп жазды министр. Польшадан Ресей бас консулдығының қызметкері кетірілгенін РИО Новости агенттігі хабарлады.
5 ақпанда Ресейдің Швеция, Польша және Германияның Мәскеудегі елшілігінде істейтін үш дипломатты персона нон грата деп жариялағаны белгілі болған. Бұл туралы Ресей СІМ хабарлады.
Ресей жағы дипломаттар 23 қаңтар күнгі "заңсыз акцияға қатысты" деп мәлімдеген. Ол күні Ресей қалаларында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясы өткен. СІМ соны меңзеген болуы мүмкін.
Үш дипломат жақын арада Ресей аумағынан кетуге міндеттелген.