Қазақстандықтар Sars-CoV-2 вирусы жоқ деген теорияны тағы да талқылай бастады. Бұл жолы қастандық теорияларының жанкүйерлері ғалымдардың өздері вирустың бар екенін дәлелдей алмайтындықтарын мойындаған мақалаға сүйенеді. Бұл - жалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Telegra.ph порталында жарияланған мақалада авторлар Sars-CoV-2 вирусын зерттеген жетекші ғалымдардан оның бар екендігінің дәлелдері туралы сұраған. Бірақ материалда сұхбат элементтері жоқ. Тек сұрақтар ғана жазылып, жауап ретінде Sars-CoV-2 вирусының бар екендігін дәлелдейтін зерттеулерге сілтемелер берілген.
Мысалы, мақалада «Сіздің электронды микроскопыңыз оқшауланған вирусты көрсетті ме?» деген сұраққа ғалым Мен-Гук Хан: «Біз вирусты тазарту деңгейіне баға бере алмаймыз, себебі біз оны тазартқан жоқпыз және жасушалар дақылдарында концентрациялаған емеспіз» деп жауап берген. Бұған қоса, доктор Хан бірлескен авторы болып табылатын вирусты зерттеуге сілтеме тіркелген. Зерттеу қорытындысында: «SARS-CoV-2 түсініксіз пневмониясы, әлсін-әлсін қайталанатын жөтел мен безгегі бар науқастардан оқшауланған», – делінген.
Sars-CoV-2 вирусын әлем бойынша түрлі зертханаларда әртүрлі ғалымдар оқшаулаған. Оның ашылған геномын да, микроскоп астындағы вирустың суретін де желіден табуға болады. Оның бар екендігі ғылыми тұрғыдан сөзсіз дәлелденген.
Сонымен қатар, SARS-CoV-2 вирусы жоқ екендігі туралы мақалада белгілі конспиролог доктор Эндрю Кауфманның зерттеулері де келтірілген, ол өзінің ғылымға қарсы мәлімдемелері үшін бірнеше рет сынға алынған болатын. Кауфманның Sars-CoV-2 вирусына қатысты тезистерінің ешқайсысын ғылыми қауымдастық шын деп таныған жоқ.
Қазіргі кезде Эндрю Кауфман өзінің туған қаласы Нью-Йоркте медициналық практикамен айналысу құқығынан айырылды, оның лицензиясының мерзімі өтіп кетті және одан әрі ұзартылған жоқ.
Сондай-ақ, мақала авторы вирусты оқшаулау үшін қолданылған ПТР әдісі ғылыми тұрғыдан мағынасыз деп жазады. Бұл олай емес. ПТР әдісі нақты болып табылады және АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен ұсынылған.
Демек, мақалада жалған ақпарат және деректермен манипуляциялау бар. SARS-CoV-2 вирусы жоқ деген теория конспирологтар арасында кеңінен танымал, ғалымдар мен фактчекерлер оны бірнеше рет теріске шығарған болатын.