Нұр-Сұлтан қаласында жиһаз жасайтын цехқа ұрлыққа келген күдікті бос сейфті ұрлап кеткен, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Цех әкімшісі ұрлық фактісі бойынша полицияға жүгінген.
Белгісіз адам кілтті іріктеу жолымен цехтың үй-жайына кіріп, бағасы 50 мың теңге тұратын сейфті жымқырған. Жәбірленушінің айтуынша, ұрланған сейфтің ішінде ақшалай қаражат болмаған. Онда тек қана құжаттар болған.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні ұстап, анықтады. Ол бұрын сотты болған 32 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ұсталған адамның айтуынша, ол цехқа кіріп, ішінде ақша бар деген үмітпен сейфті жымқырып кеткен. Алайда үйіне келіп ашқан кезде оның ішінде ештеңе жоқ екенін көрген», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері сейфті тәркілеп, иесіне қайтарды.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтардан қырағылық танытуын, бағалы заттарын қараусыз қалдырмауын сұрайды және шағын және орта бизнес объектілерінде күзет дабылдарын орнатуды ұсынады.