Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифинг барысында журналистердің «әлемдегі коронавирус пандемиясы жеті жылға созыла ма» деген сауалына жауап берді,деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін шетелдік басылымдардың бірінде коронавирус пандемиясы тағы жеті жылға созылуы мүмкін екені жайында мақала жарияланды.Мақалада мұндай сценарий болмас үшін әлем халқының төрттен үш бөлігіне вакцина салу керек делінген. Әсел Қалықованың айтуынша,көп елде халықты иммундау басталды, оның ішінде Қазақстан да бар. Осыған байланысты эпидемиолог пандемия ұзақ уақытқа созылмайтынын атап өтті.
«Эпидемиолог ретінде пандемия тағы жеті жылға созылуы мүмкін деген мәлімдемемен келіспеймін. Себебі, көп елде халықты иммундау жұмыстары басталды. Жаппай вакциналау Қазақстанда да жүргізіліп жатыр. Бұл бір жыл ішінде иммундық қабатты жасайды. Осылайша, бұл індеттің ушығуын тежейді. Коронавирус инфекциясы жойылып, маусымдық вирустық аурулар санатына енеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар халықты COVID-19-ға қарсы жыл сайынғы иммундау қажет», - деді Әсел Қалықова.