Маңғыстау облысының зиялы қауым өкілдері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бозжыра аумағындағы жаңа туризм жобаларын құруын қолдап үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз, маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері, ата–бабаларымыздың және келешек ұрпағымыздың алдындағы міндеттер мен жауапкершілікті сезіне отырып, Өзіңізге Үндеу жолдаймыз. Маңғыстау өңірі – Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі екендігі әйгілі. Биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды Rixos қонақүйінің ашылуымен, өңірге келген туристер саны артты. Келген саяхатшылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін де аралап, әсіресе Бозжыра шатқалына қызығушылық танытты. Өзіңізге белгілі, инвесторлар тарапынан Бозжыра аумағында жаңа туризм нысанын салуға ұсыныс түсіп, бүгінгі таңда қоғам тарапынан қызу талқылануда. Біз қасиетті қанмен қорғалған киелі топырақтың құтын қашыруға жол бермеуіміз керек. Ол ұрпаққа аманат.
«Жабайы» туризмге тоқтау салынуы керек. Сондықтан, Сіздің тапсырмаңыз бойынша арнайы ғалымдардан құралған топ Бозжыра аймағына, оның флорасы мен фаунасына зиян келтірмейтін Жобаны іске асыруға болады деген қорытындыға келді.
Бұл шешім халықтың жүрегіне жол тапқаны сөзсіз. Бұл ұсыныс өңіріміздің дамуына оң ықпалын тигізетіндігін барлығымыз да түсінеміз:
Біріншіден, мұнайға ғана тәуелділікті жойып, туризмді дамыту арқылы экономикамызды өркендетеміз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Қонақ үй құрылысы жұмысы басталса, осы маңдағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
Екіншіден, бұл кешен туристердің Бозжыраға өз бетінше бейберекет барып, табиғатқа орасан зиян келтіруіне тосқауыл болады.
Сондықтан, бұл аймаққа баратын жол салып, туристердің жайлы демалуына жағдай жасалуымен қатар, заңнамалық актілермен тиісті Қағидалардың бекітілетініне сенімдіміз. Яғни, Бозжыра аумағында салынатын туризм инфрақұрылымы табиғатты қорғау, сақтау және жергілікті тарихи-табиғи орындардың сакральдылығын сақтау, жергілікті діл, таным-ғұрыптық құндылықтарымызды ескере отырып, өркениетті жолмен туризм мәдениетін қалыптасқанын қалаймыз!
Мәртебелі Президент мырза!
Соңғы айларда Бозжыра Маңғыстаудың ғана емес, тұтас елдің бас тақырыбына айналды. Сан түрлі пікір, жан-жақты ой айтылуда. Бірнеше айдан бері талқыланып, баспасөз бетінде талай жазылды. Дұрыс, бұл – қоғам талабы әрі өзіңіз айтқан ашықтықтың нағыз көрінісі деп білеміз. Ендігі кезекте ел болып, ортақ шешім қабылдап, нүктесін қоятын кез келді деп ойлаймыз. Елдігіміз бен ауызбіршілігіміз осындайда сыналады.
Халықтың пікірін естіп, жоба жан-жақты зерттеліп, зерделенгеннен кейін ғана іске асыруға шешім қабылдағаныңыз үшін Өзіңізге зор алғыс айтамыз! Жобаның сарапшылар, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірлерін ескере отырып жүзеге асырылатындығына сенеміз.
Бозжыраның сақталуы біз үшін болашақ ұрпақ алдындағы парыз, сондай-ақ, бұл жоба елдің дамуы үшін керек!
Маңғыстаулықтар мамандармен тыңғылықты талқыланған, сарапталған, нақтыланған жобаның іске асырылуын дұрыс деп біледі және қолдайды!»-делінген Үндеуде.
Құрметпен, зиялы қауым өкілдері: Бектұр Төлеуғалиев, жазушы, ҚР жазушылар Одағының мүшесі; Сабыр Адай, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; Орынбасар Тоқжанов, ҚР экология саласының үздігі; Отыншы Көшбай, этнограф, өлкетанушы; Светқали Нұржан Айтман Айтман, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі; Ғалым Әріп, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі; Айтуар Өтегенов, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі; Нұрлан Құлбай, өлкетанушы, ҚР мәдениет саласының үздігі; Әнуар Бимағамбет, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі; Андрей Астафьев, тарихшы, археолог; Сұлтанбек Құдайберген, ақын, өнертанушы; Сақып Керельбаев, қоғам қайраткері; Қожа-Ахмет Демеубергенұлы, ҚР құрметті журналисті; Еділ Жаңбыршин, депутат; Самат Мұсабаев, депуты.