$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте мүгедек қызды зорлаған әлеуметтік орталыққа тексеріс жүргізілді

Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шымкенттегі №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құқық бұзушылықтар анықтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Тексеру нәтижелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында айтылды.

Тексеру жүргізуге негіз болған жайт – қала тұрғыны Әлия Мамутованың әлеуметтік желідегі мәлімдемесі. Әйел аталған мекемеде емделетін мүгедек қызының 7 жыл бойы зорланып келгенін айтқан. Оның сөзінше, қыз эпилепсиямен ауырады, есінен таңған кезде орталық қызметкерлері оның денесіне қол салған.

Осы жайттан кейін министрлік жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, орталықта тексеру жұмыстарын жүргізді.

«Тексеру барысында қызмет алушылардың құқықтарының бұзылу фактілері және Орталық қызметін ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды. Мысалы, бірнеше палатада жатын алаңдар белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 м2 алаңның орнына қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді.

Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған. Бұдан басқа, қызмет алушылар жұмсақ инвентарьмен және киіммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Қызмет алушылардың киімінің маркировкасы жоқ.

Сондай-ақ, асхана, ас бөлмесі, азық-түлік қоймасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұзушылықтар Орталықтың лауазымды адамдарында тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас блоктарында және басқа да үй-жайларда антисанитариялық жағдайлардан қызмет алушылардың жаппай жұқтыру қаупі бар.

"Сонымен қатар, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобының мүшелері объектіге бару барысында берген ескертулерге мекеме басшылығының әрекетсіздігі және әлсіз әрекет етуі атап өтілді», - делінген аталған хабарламада.

Соңғы тексеру арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша бұзушылықтар жойылмағанын көрсеткен.

Тексеру нәтижесі бойынша Шымкент қаласының әкімдігіне Еңбекминінен біліктілік талаптарын ескере отырып, орталық директоры Мырзахан Жолтаевты атқаратын лауазымынан босату және мекеме басшысын қоғамның белсенді өкілдері қатарынан тағайындау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныс жіберілді.

Сондай-ақ, кеңес барысында балаларға арналған 20 медициналық-әлеуметтік мекеменің басшыларына қатысты жазалау шаралары жайы айтылды.

Осылайша, барлығы 13 қызметкерге қатысты жаза қолданылды, оның ішінде 4 орталықтың басшысы жұмыстан босатылды (3 директор және директордың орынбасарлары; ШҚО, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында), Шымкент қаласының № 6 орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысының «Арман» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорларына қатысты жаза қолданылды.

4 орталықтың директорына (Атырау, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстары) қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Сондай-ақ, 6 мекеме бойынша бұзушылықтар толығымен жойылды. Алматы және Маңғыстау облыстарының екі орталығында бірінші басшылардың ротациясы ұсынылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары