Жаңалықтар 18.02.2021 сағат 15:00

Сенат уран өндіру мәселесі туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Отырыста Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолданды.
Сенат уран өндіру мәселесі туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жер қойнауын пайдаланушылар уран өндіру зардаптарын жою жоспарын барлық жұмыс басталғанға дейінгі құжаттар топтамасын дайындау сатысында ұсынуға тиіс. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Сенатттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кен орнындағы қордың едәуір өскені анықталған жағдайда, олар өз кірістерінің бір бөлігін сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттауға міндетті болады. Осы жаңалықтардың бәрі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылып отыр. Бұл құжат бір топ Парламент депутатының бастамасымен әзірленгенін айта кеткен жөн.

Алайда, сенаторлар ел Президентінің мемлекеттік және жеке меншік операторларды құруға тыйым салу туралы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жобалау құжаттары мен уран кен орындарын игеру талдауына тәуелсіз сараптама операторын құруға қатысты ережелерді алып тастауды ұсынды.

«Уран стратегиялық шикізат болып табылады және оны өндіретін қорларды есепке алу еліміздің отын-энергетикалық кешенін дамытуды белгілейді. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттағы міндеттемелерді орындау сапасын арттыруға және уран өндіру жөніндегі жобалау құжаттары туралы ережені жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, Қазақстан әлемде жетекші орын алатын саланы дамыту жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді сенатор Ерік Сұлтанов.

Сенаторлар енгізген түзету Парламент Мәжілісіне жіберді.

Сонымен қатар депутаттар бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарастырып, екі оқылымда қабылдады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, қоғамдық талқылау және қабылдау рәсімдерін жетілдіру жөніндегі міндеттер Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында белгіленген болатын. Бұл заңның қабылдануы халықтың заң шығару процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады және Президенттің сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы болып табылады.

«Әзірленетін заңдардың сапасын арттыруға, олар бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қабылданған заңдардың орындалуын бақылауға арналған тетіктер анықталады. Заң аясындағы өзгерістер заңшығарушылық процесті жаңа деңгейге көтеріп, оның ашықтығын және тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, отырыста Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолданды. Онда Алаш қайраткерінің мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге дайындық жүргізу қажеттігі туралы айтылған. Сауалды «Ұлттық құндылықтарды сақтау және нығайту – тәуелсіз мемлекеттің жарқын болашағы» тақырыбы бойынша өтетін Парламенттік тыңдауға дайындық аясында Нұрлан Әбдіров, Алтынбек Нұхұлы және басқа да бірқатар сенаторлар дайындады.


 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар