Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде күтпеген жағдай болды. Әкім сөйлеп тұрғанда мінберге бекітілген Елтаңба жерге құлап түсті, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
Аймақ басшысы Жуалы ауданы Қызыларық ауылының Перизат Қазбаева есімді тұрғыннан келіп түскен сұраққа жауап беріп жатқанда, мінберге бекітілген Елтаңба түсіп кетті. Әкім сөзін тоқтатып, жанындағыларға «алсайшы ананы» деп, Елтаңбаны көтеруді тапсырды. Содан кейін әрі қарай сұрақтарға жауап беруді жалғастырды.
Жуалы тұрғыны сауалында 6 баласын жалғыз өзі бағып жатқан бауырына асарлатып үй салып бермек болғанын, бірақ бұл бастама аяқсыз қалғанын айтқан.
«Кепедей үйде 12 адам тұрамыз. Жергілікті атқарушы органдардан еш көмек жоқ. Осы арызым облыс басшысына жетер ме екен?», - деген сауалында.
Облыс басшысы мемлекет тарапынан еш қолдау жоқ дегенмен келіспейтінін айтып, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек түрлері барын айтты.
«Былтыр асарлатып салынған 98 үйдің 10-ы Жуалы ауданында бой көтерді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Мен аудан әкіміне тапсырма беремін, биыл бұйырса асарлатып үй салып береміз», - деп жауап берді облыс әкімі.