Танымал боксшы Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында қалалық мәслихаттың депутаты ретінде Қазақстанда тұрып жатқан халықтың жағдайына жақсы деген баға берді. Боксшының сөзінше, елдегі кедейлердің күнкөрісі төмен болуына өздерінің жалқаулығы себеп деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бокстан Олимпиада чемпионы сұхбатта 30 жыл ішінде қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір жақсарғанын атап өтті. Ол Алматы қаласы мәслихатының депутаты ретінде елдегі кедейлердің жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Мен Қазақстаннан кеткен жоқпын. Егемендік алғанымызға 30 жыл болды. Қонаққа барыңыз, әр үйдегі дастарханға қараңыз. Бәрі өсіп-өніп жатыр. Қазақстанда бәрінің жағдайы жақсы, құдайға шүкір. Соны бағалай алмаған адамдар бар. 42 мың теңгеге ешкімнің күні қарап тұрған жоқ деп ойлаймын. Егер жұмыс істеймін, алға ұмтыламын деген адамға әрқашан жол ашық.
Мысалы үкімет ауыл шаруашылығын қолдау қорларын ашты, кәсіпкерлерді қолдау қорлары бар. Не істеймін десең де, барлық жағдай жасалып жатыр. Кредит аласың ба, оны бір жыл кейінге шегеріп төлемей тұра тұрасың ба, бір сөзбен айтқанда мен диванда жатпаймын, еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Қазақстанда тұрған кедейлердің жағдайына олардың жалқаулығы, еріншектігі кінәлі. Алға ұмтылмайды. Бұл менің жеке пікірім", - деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.
Боксшы депутат ретінде күніне екі-үш адамнан қабылдап, халықтың мәселелерін шешіп жатқанын жеткізді.
"Алматыда күніне екі-үш адамды қабылдап, олардың мәселесі бойынша керекті органдарға өзімнің визамды қойып жіберіп жатырмын. Жасаңдар, істеңдер, мықты болыңдар, алға ұмтылыңдар", - дейді боксшы.
Ол журналистің еліміздегі кедейлердің саны туралы келтірген дерегін "арпа ішінде бір бидай" деп бағалады.
"18 миллион адамның 11 мыңы кедей болса, ол арпа ішінде бір бидай. Ол әрекет жасамағанның кесірі деп ойлаймын. Елімізде ешкім жерде қалмайды", - дейді мәслихат депутаты.