Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлда жарылыс болған көпқабатты үйдің жағдайын барып көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құмар Ақсақалов Петропавлдағы көпқабатты үйде болған жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
«Қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Ауруханада жатқан 8 адамға тезірек тәуір болуларына тілектеспін. Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін кәсіпкерлерге көпқабатты үйлерде газ баллонын қолдануға үзілді-кесілді түрде тыйым салынады», - деді ол.
Өңір басшысының айтуынша, осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылады. Оған прокуратура, ТЖД, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер және Петропавл қалалық әкімдігінің мамандары кіреді. Комиссия көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан кәсіпкерлік субъектілерін тексермек. «Ғимаратты жөнге келтіруге қажет қаражат қала бюджетінен бөлінеді. Пәтер иелеріне бірреттік материалдық көмек беріледі. Бір де бір адам назарсыз қалмайды», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Петропавл ардагерлер кеңесі және қалалық әкімдік зардап шеккендерге көмектесу мақсатында арнайы банк есепшотын ашты. Қайырымдылық көмек көрсеткісі келгендер төмендегі реквизиттер бойынша қаржы аудара алады: БИН 961141002819 «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Петропавл қалалық филиалы «БанкЦентрКредит» АҚ ИИК KZ 578560000004453692 БИК KCJBKZKX КБЕ 18, КНП 119 Телефон/факс: 8 7152 46-50-71
Естеріңізге салайық, 21 ақпан күні Петропавлдағы 5 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендердің үшеуінің жағдайы ауыр.