Түркістан қаласында көп қабатты тұрғын үй қайта жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі ғимараттың бір жақ бөлігінің іргетасы отырып, қабырғасы жарылған. Тлшілер бұл мәселені бірнеше ай бұрын көтерсе де, күнге дейін еш нәтиже шығар емес. Тұрғындар көпқабатты үйдің қабырғасындағы жарықтар үлкейіп келе жатқанын айтады.
Бұл үй осыдан 1 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда көп ұзамай қабырғалары жарылып, сызықтар пайда болған. Жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар пәтер ішіндегі жарықтардың үлкейіп келе жатқанын айтады.
Жарықтар тек қабырғада ғана емес, үйдің жертөлесінде де бар. Іргетасы отырған соң тіреулердің арасы ашылып, қозғалып тұр.
Бұл мәселе өткен жылдың соңына қарай көтерілді. Сол кезде қала әкімдігі жауапты мердігерге олқылықты тез арада жоюды тапсырған. Ал құрылысшылар желтоқсан айында көпқабатты үйдің іргетасының астынан бес жерден көлденең бетон қойып, табанын нығайтқан. Жарылған қабырғаларды гипспен бітеген. Алайда тұрғындар бұдан жағдайдың өзгермегенін айтады.
«Істеп бергенін қайтейін, артынан сөгіліп, жарылып жатса! Ертең қандай жағдай болады, білмейміз. Бала-шағамыз үшін қорқамыз. Әр жерден, төбесінен, астынан жарылып жатыр. Міне, жарылған жерлер... Міне, қараңыздар, сызылып жатыр. Жарық қалай пайда болды, осылай болды», - дейді қала тұрғыны Сәуле Молжігітова.
Қала әкімі Рашид Аюповтың айтуынша, бұл үйді апатты деп айтуға болмайды. Сондықтан ол тұрғындарды алаңдамауға шақырды.
«Негізінде, ол жерде судың құбыры жарылған. 3 ай бойы ешкім қарамаған. Ол рас. Су іргетасқа әсер етіп, ол отырған. Ол да рас. Бүгін күні бәрі орнына келтірілді. Енді жарылған жерлерін қалпына келтіріп жатырмыз. Ол үй апатты емес. Ол жерде тұруға болады, толық қауіпсіз», - дейді қала әкімі Рашид Аюпов.
Қазір осы үйді салған мердігер тағы екі үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Ал олардың сапасының қалай қандай болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ қала әкімінің айтуынша, көпқабатты бұл үйлер еліміз бойынша ең арзан баспаналардың бірі саналады. Өйткені әрбір шаршы метрі 122 мың теңгеден.