Нұр-Сұлтанда оқу жылы басталғалы бері 1 017 оқушы коронавирус жұқтырған. 21 мектеп карантинге байланысты жабық тұр. Бұл туралы қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
"22 ақпандағы жағдай бойынша, оқу жылы басталғалы бері 1 017 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде кезекші сынып оқушылары – 232 немесе 22,8%, қашықтан оқығандар – 785, яғни 77,2%. Оқу жылының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 79 мектеп карантинге жабылды. Бүгінгі таңда 21 мектеп карантинді жалғастыруда", – деді Бейсенова онлайн брифингте.
Сондай-ақ айтуынша, 174 жағдай студенттер арасында тіркелді. Оның ішінде 35-і – колледж, 139-ы – жоғары оқу орындарының студенттері. Вирус жұқтырғандардың тек 10-ы оффлайн форматта оқыған.
Бұдан бөлек, Бейсенова мектепке дейінгі ұйымдарға барып жүрген 94 балада коронавирус табылғанын айтты. Қазіргі таңда 907 үй ошағы анықталды, онда науқастармен байланыста болған 2 260 адам медициналық бақылауға алынды.
Бұған дейін қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Нұр-Сұлтанда карантиндік шектеулерді жеңілдету мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеген болатын.