Германияда коронавирустың жаңа қауіпті түрлерін жұқтырған 16 мыңға жуық науқас анықталды. Соңғы екі аптада вирустың мутациялаған түрлерінің үлесі 30%-ке жетті, деп хабарлайды 24.kz.
Вирусолог мамандар елде індеттің үшінші толқыны басталуынан қауіптеніп отыр. Үкімет болса, вакциналау қарқынын үдетпек. Жақын арада Германияда аптасына 10 миллион екпе салу көзделіп отыр. Бұл істі арнайы құрылған орталықтар мен жылжымалы топтармен қатар ауруханалардағы дәрігерлер де атқаратын болды.
Қазіргі кезде Германияның екі миллионнан аса тұрғынына екі екпе салынды. Қарттар үйлерінде тұратын адамдардың басым бөлігі вакцина алып үлгерді. Ал осы аптада мұғалімдер, тәрбиешілер мен полицейлерге вакцина салына бастады.
"Келесі аптаның соңына дейін вакцинаның 11 миллионнан астам данасын аламыз. Оны өңірлерге үлестіреміз. Кейбір аймақта ахуал өте ауыр. Сондықтан онда көбірек екпе алатындай жағдай жасау керек. Вакциналау пандемияны еңсерудің бірден бір жолы. Бірақ мутацияларға байланысты бұл оңайға түсе қоймас", — деді Германия денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан.