02.03.2021, 11:00

«Құдай сақтасын!»: Оралдағы театрдан дау шықты

фото: ticket07.kz
Неге сол ашық айтылмады? Иә, қатаң тәртіпті қойғаным рас. Жұмысқа кешікпеу, бүкіл сабақтарға қатысу, репетицияда болу, театрдың ішінде ішімдік ішпеу, шылым шекпеу.

Батыс Қазақстан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы театрдың әртістері, арызданып жүр, Skifnews.kz ақпарат порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған шығармашылық ұжым бүгінде екіге бөлінген. Бірі - театр директорының жұмыстан кетуін талап етеді. Мұнымен келіспейтін әріптестері,  өнер ордасының жұмысы енді өрге басқанын айтады. 

Жаңа басшыдан жәбір көрдім дегендердің бірі - Ғалия Ибрашева. Ол бұл театрда ұзақ жыл қызмет етеді. Бірақ қызметі төмендетілгеніне көндіге алар емес.

«Жаңа басшы келгелі бері қудалау басталды. Ол өз командасын жасақтауға кірісті. Ақырында директордың орынбасарлығынан босап, қазір аудармашы болып жұмыс істеуге мәжбүрмін. Біз ол кісінің театр басшылығынан кетуін талап етеміз. Жаңа басшы өз театрымыздан тағайындалуы тиіс», - деді Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ  драма театрының қызметкері Ғалия Ибрашева. 

Басшыға наразы топтың сөзінше, бір жылдың ішінде 50 шақты адам жұмысынан шығарылған, кейбіріне қазір де қысым жасалуда. Осының салдарынан шығармашылығымыз тоқырап қалды, дейді жиналғандар.

«Қазір қарап отырсақ, басшы бір жақта, ұжым бір жақта. Бұл қандай жұмыс? Сондықтан мұның бір шешімін табу керек қой қалай болғанда да», - деді аталмыш театрдың актері Самал Әбуов. 

«Менің кадр саясатына араласуға қақым жоқ қой. Дегенмен де мен бұл әріптестерімді бәлен жылдан бері білетін адаммын. Олардың еңбегін жақсы білемін. Олар қалай қызмет еткендерін білемін. Соған байланысты менің қорғауға құқым бар шығар? Реформа қызметкерлердің бәрін топырлатып жұмыстан шығарып, жаңадан кісі алу емес қой», - дейді осы шу шыққан театрдың актері Талигат Жігеров.

Театрдағы жағдайдан облыстық мәдениет басқармасы да хабардар. Бірақ қызметтік тексеру жүргізгенімен, заңбұзушылық таба алмапты. 

 «Еңбек инспекциясы заңды түрде тексерді. Заңбұзушылық жоқ деп есептеді. Шынымен де жұмысқа шыққан адамдардың арасында заңбұзушылық жоқ, өйткені бәрі де өз еркімен кеткен. Болашақта бір шара алатын боламыз. Бір жағына шығады. Бұл мәселе бұл күйінде қалмайды», - деді БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Сайрат Дүйсентегі. 

Бүгінде шығармашылық ұжым екіге жарылған. Бірі басшының кетуін талап етсе, екінші тарап әлдебір арандатушылардың ұжымға іріткі салғанын айтады. 

«Мен соны түсінбедім. Бұлардың түпкі мақсаттары билікке таласу ма деп ойлаймын. Ал бас режиссеріміз жаңағы Гауһар Адай тым-тәуір жұмыс істеп жатқан. Оны күндеп-күндеп жұмыстан шығарып жіберді. Ол кетті қазір Көкшетау театрына жұмысқа орналасты. Мына театрға, біздің театрға енді режиссер келмейді! Құдай сақтасын дейді Орал театры десе! Біздің іштегі режиссерлердің біреуі қойылым қойып, маған рөл беретін болса, мен отказ беремін», - деді ақтер Ербол Есендосов. 

Ал театр директоры Салтанат Абулғазиева қарызы қордаланған өнер ордасының берешегін 5 миллионға дейін азайттым дейді. Бұл аздай, мекеменің іс-қағаздары талапқа сай емес. Мысалы, 27 жыл бойы ұжымдық келісім-шарт жасалмаған. Бұл аздай, мемлекеттік аудиторлық тексеріс кезінде 200 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысының қолды болғаны анықталыпты. Бүгінде осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

«Құжаты жүргізілмеген, нәтижесінде қылмыстық іске дейін құлдыраған театр тағдырына неге кезінде бей-жай қарады? Неге сол ашық айтылмады? Иә, қатаң тәртіпті қойғаным рас. Жұмысқа кешікпеу, бүкіл сабақтарға қатысу, репетицияда болу, театрдың ішінде ішімдік ішпеу, шылым шекпеу. Осы мәселелерді мен алға қойдым және де театрдың ішінде банкет жасаудың өзі де заңсыз», - дейді Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева. 

Ұжым мүшелері театр директорының орнынан кетуін талап етіп, Президент әкімшілігіне де хат жолдады. Ал мекеме басшысы әлеуметтік желіде өзінің ар-намысына нұқсан келтіргендерді сотқа беремін деп отыр.