2 наурызға қараған түні Шымкенттегі автокөлік бөлшектері сатылатын базардан шыққан өрттен хабар таратуға барған "Астана" телеарнасының тілшісі Бахромбек Талибжановқа полиция күш қолданды. Журналисті полиция қызметкерлері "беті мен сол жақ бүйрегінен ұрып, сүйреген". Бұл туралы оқиғаның қалай өрбігенін Азаттыққа баяндап берген тілшінің өзі айтты. Полиция қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.
Талибжановтың сөзіне қарағанда, түнде шыққан өртті 31 арнаның тілшісі Бахром Абдуллаевпен бірге түсіруге барған. Қауіпсіздікті сақтап, Абдуллаев видео түсіре бастағанда полицейлер кедергі келтіре бастаған. Абдуллаевтың үстінде бронжелет мен бейджигі болған.
"Кедергі жасағаннан кейін мен де журналист екенімді, жұмысымызға кедергі жасамауын сұрадым. Сол кезде бір полицей - қолымнан, екіншісі бір аяғымнан ұстап, сүйреп полиция көлігіне отырғызды. Сүйреп бара жатып бетім мен сол жақ бүйрегімнен ұрды", - дейді журналист.
Бұдан соң полиция екі тілшіні Абай аудандық полиция басқармасына апарған. Тілші полицейлердің өзіне күш қолданғаны жөнінде арыз жазған.
Шымкент қаласының полиция департаменті Талибжановтың арызын қабылдап, Абдуллаевпен екеуін департамент басшысы қабылдаған. Департаменттің баспасөз қызметі Азаттыққа оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Әзірге қылмыстық іс қозғалмаған.
- Бұл жерде Қылмыстық кодекстің 158-бабы бойынша журналистің кәсібіне нақты кедергі жасалып отыр. Сол бап бойынша оларды сотқа тартуға болады. Және Әкімшілік кодекстің 73-1-бабы ("Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша да арыздана алады. Журналистің денесінде дақ қалмаса да, оны соғып, денесін ауыртуы бес айлық есептік көрсеткіш немесе 10 тәулікке қамау жазасына апарады, - деді "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының заңгері Ғалия Әженова.
Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі кедергіге ұшырайды. Былтыр қазан айында Нұр-Сұлтанда бейбіт акцияға қатысушыларды ұстау кезінде тікелей эфирде хабар таратпақ болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен полиция әрекетінің кесірінен жарақаттанған еді. Полицейлер оқиғаны түсіріп жүрген тілшінің "өзін журналистпін" таныстырғанына қарамастан жұлқылап итеріп, телефонын тартып алған. Халықаралық ұйымдар ішкі істер министрінен тілшінің жұмысына кедергі келтіріп, күш қолданған полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды талап еткен. Сарапшылар тілші жұмысына кедергі келтіру оқиғаларына қатысты түскен арыз-шағымдардың жылжымайтынын жиі айтады.